Алматы облыстық білім басқармасы 2021 жылдың 24 қыркүйегінде облыс Әкімінің қолдауымен «Жылдың үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңін өткізді. Байқау шығармашылықпен жұмыс істейтін, талантты, ой өрісі биік, парасатты өзіндік авторлық жаңашыл идеясы бар, ғылыми-әдістемелік шеберлігі қалыптасқан, педагогикалық мәдениеті жоғары, жан-жақты дамыған мұғалім мәртебесін көтеретін ерекше тұлғаны анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға педагогикалық еңбек өтілі 6 жылдан кем емес жалпы орта білім беру ұйымдарының 23 педагог қатысты.Байқауға қатысушылар ұйымдастыру комитетіне телесабақтар нұсқасында жасалған бейнесабағы мен өзінің жетістіктерін айқындайтын электронды портфолиосын алдын ала ұсынды. Ал байқаудың ІІІ, ІV кезеңі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, бетпе-бет өтті. Бұл кезеңде қатысушылар инновациялық тәжірибесін таныстырылым жасап, аудитория алдында берілген тақырып бойынша ой қозғап, сөйлеу шеберлігін көрсетті. Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешіміне сәйкес: І орын — Д. Бухарбаева, Жамбыл ауданы Қарасу ОМ мұғалімі, ІІ орын — Г. Утепова, Текелі қаласы №4 ОМ мұғалімі, Е. Джумабеков, Талдықорған қаласы №20 ДБАЛ мұғалімі, ІІІ орын – Д. Жорабаева, Талғар ауданы № 41 ОМ мұғалімі, А.Умиралиева, Алакөл ауданы Т.Әубакіров атындағы ОМ мұғалімі, Ж.Акишева, Қаратал ауданы Лермонтов атындағы ОМ мұғалімдері байқау жеңімпаздары деп танылды. Сонымен қатар, «Үздік бейнесабақ» — Б.Дарханұлы, Талдықорған қаласы, «Үздік инновациялық тәжірибе» — О.Наурызбаев, Кербұлақ ауданы, «Креативті педагог» — Г.Усербаева, Уйғыр ауданы, «Шығармашыл педагог» — Р.Ильясова, Көксу ауданы мұғалімдері номициялар бойынша марапатталды.