Табысты және эмоционалды тұрақты білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеуде саралауды қолданудың мүмкіндіктерін көрсету мақсатында Талдықорған қаласы Мойнақ ауылындағы №23 орта мектеп базасында шағын жинақты мектептер директорлары мен орынбасарларына арналған «Оқыту мен тәрбиелеуде саралап оқытудың мүмкіндіктері» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Іс-шара барысында Талдықорған қаласы Мойнақ ауылындағы №23 орта мектебінің директоры А.Мусекенова «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық» тақырыбында таныстырылым жасаса, директордың орынбасарлары саралау арқылы оқыту мен тәрбиелеу, табысты түлектердің дамуында саралауды қолдану тиімділігі бойынша өз тәжірибелермен бөлісті. Сынып жетекшілері оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда ата-ананың рөлі жайлы жұмыстарын көрсетті. Семинарға қатысушы ШЖМ директорлары мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар сабақтарға қатысып, сабақтан кейінгі талдау жүргізді.